Кәсіби шеберлік сынға түседі
Бейсенбі күні Ақтөбе қаласындағы Шығармашылық академиясы ғимаратында «WorldSkills Kazakhstan — 2021» республикалық кәсіби шеберлік чемпионатының ашылу рәсімі өтті. Еліміздің бірнеше қалаларында қатар ұйымдастырылып жатқан байқау осымен 6-рет қолға алынып отыр.
Білім және ғылым министрлігі, «Talap» коммерциялық емес акционерлік қоғамының ұйытқы болуымен өткізіліп жатқан дәстүрлі чемпионаттың мақсаты — білікті кадрларды даярлауға үлес қосу, кәсіптік білім сапасын арттыру, сондай-ақ жұмысшы жастарды қолдау.
Еліміздің 17 қаласындағы 450-ден астам жас қатысып жатқан биылғы чемпионаттың ерекшелігі — бір мезгілде республиканың 9 өңірінде өткізілуі. Өз кезегінде Ақтөбе қаласында жас талаптар теміржолдағы тасымалдау процесін басқару және музыкалық білім беру салалары бойынша сынға түседі. Жалпы, қатысушылар өзара 40-тан астам салаға топтастырылған. Олардың өнері мен тәжірибесін, дайындығын 500-ге жуық сарапшы бағалайтын болады.
— Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Ақтөбеде ұйымдастырылып отырған байқауға 6 өңірдің мықты жастары жиналып отыр. Жыл сайын өтетін байқаудың әлеуеті артып, аясы кеңею үстінде. Қатысушылар саны да көбейіп келе жатыр.
Мемлекет басшысы ұстаздар, ата-аналар мен балалардың алдына үлкен міндет қойып отыр. Бәсекеге қабілетті, алғыр ұрпақты қалыптастыру үшін қаржылай, рухани, барлық жағынан қолдау көрсетілуде. Бүгінгі чемпионат та соның анық көрінісі. Сондықтан баршаңызға сәттілік тілеймін, — деп лебізін білдірді облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова.
Облыстық білім басқармасының бас маманы Айнұр Биманованың айтуынша, чемпионаттың қорытындысы һәм жабылу салтанаты 10 желтоқсан күні Нұр-Сұлтан қаласында өтеді.
Айбек СЕРІКҰЛЫ.